Marina View That We Love
Where do new ideas come from? The answer is simple: differences. Creativity comes from unlikely combinations.

Art Collider x Water Futures
Art Collider × Water Futures — су, экологиялық жады және климаттық әділет мәселелеріне арналған мектеп. Ол суға қатысты байланыстарды қалпына келтіріп, болашақты жаңаша пайымдау мақсатында көшпелі ғылымды, өнерді, тәндік тәжірибелерді және ұжымдық қиялды тоғыстырады.
Мектеп Іле–Балқаш алабын гидроәлеуметтік кеңістік, тірі экожүйе әрі тәлімгер ретінде қарастырады. Біз Алатау мұздықтары мен Алматының қалалық өзендерінен бастап Іле, Қаратал, Лепсі өзендері мен Балқаш көліне дейін су бойын жағалаймыз.

Art Collider × Water Futures ғылыми, көркем, жергілікті, тәндік, дыбыстық және мифологиялық білім түрлері су айналымына ортақ қамқорлық жасау тәжірибесінде тоғысатын кеңістік қалыптастырмақ.

Біз суретшілерді, зерттеушілерді және мәдениет саласында жүрген әрбіріңізді өзгерістің қозғаушы күші, ал өнерді су аймақтарына деген сезімталдықты, өзара байланыстар мен жауапкершілікті қайта жаңғыртатын қуат деп білеміз.

Су нені біледі, не есінде? Оның үнін қалай ести аламыз? Гидрокөркем тәжірибе су кеңістіктеріне қатысты әділеттің жаңа тілін қалай ашпақ?

Art Collider × Water Futures – Artcom Platform және Care for Balkhash – Балқаш көлі экожүйелеріне қамқор бастама Швейцария Елшілігінің қолдауымен және Aspan Gallery мен The Steppe серіктестігі аясында жүзеге асырмақ.

Мектеп 2026 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін Алматы қаласында өтеді.

Бағдарлама мектеп қатысушыларына арналған ашық дәрістерді, семинарларды, шеберлік сабақтарын, бірлескен серуендерді, тәлімгерлік кездесулер мен зерттеу сапарларын қамтиды.
Біз мұздықтар, аспан және жер өзендері, өсімдіктер мен биоалуантүрлілік, көшпелі экологиялық білім, ауызекі дәстүр мен музыка, гидрокосмология, су ресурстарын басқару және су нысандарының құқықтары туралы әңгімелейміз.

Тұйықсу мұздығымен жүздесіп, Кіші Алматы өзенін бойлай серуендейміз, жазбалар жинап, ой карталарын жасаймыз. Су байланыстарының ізімен Балқаш көліне сапар шегіп, жаңа қауымдастықтармен және институтциялармен танысамыз.

Қатысушыларды қозғалыстағы бейнелер, шым ши тоқу, кестелеу, дыбыс және визуалды зерттеумен байланысты шеберлік сабақтары күтеді. Бұл тәжірибелер климаттық дағдарыс жағдайында экологиялық жадты жеткізудің, оқиғаларды баяндаудың және жер-сумен қарым-қатынасты жаңғыртудың тәсілдері ретінде қарастырады.

Мектептің қорытындысы ретінде 2027 жылдың көктемінде Aspan Gallery-де ұжымдық көрме ұйымдастырылады. Қатысушылар көркем туындылар жасау, кураторлық ету, көрмені ұйымдастыру және өткізу тәжірибесін алмақ.
  • Негізгі күндер мен іс-шаралар
    Open call 2026 жылдың 2 тамызына дейін (қоса алғанда) жалғасады.
    Мектеп бағдарламасы 2026 жылдың 8 тамызынан 27 қыркүйегіне дейін өтеді.
    Мектеп нәтижелерінің таныстырылымы – 2026 жылдың қазаны.
    Көрмеге дайындық кезеңі –- 2026 жылдың қарашасынан 2027 жылдың наурызына дейін.
Art Collider x Water Futures
Ұйымдастырушылар

Artcom Platform — 2015 жылы Алматы қаласында құрылған суретшілер, зерттеушілер және кураторлар ұжымы. Artcom заманауи өнер, климаттық әділет, көшпелі білім, экология және қауымдастықтармен жұмыс тоғысындағы бағыттарда жұмыс істей отырып, Орталық Азияның дала және су экологияларына негізделген көркем тәжірибелерді дамытпақ.
Соңғы он жыл ішінде ұжым Care for Balkhash, SOS Taldykol, Art Collider және Steppe Space жобаларын бастады. Бұл ұзақмерзімді бастамалар көркем жобаларды, пәнаралық зерттеулерді және қоғамдық білім беру бағдарламаларын біріктіріп, экологиялық және әлеуметтік сын-қатерлерге жауап ретінде қауымдастықтар, ғалымдар мен мәдениет институтцияларының бірлескен әрекетіне арналған кеңістік қалыптастырады.

Care for Balkhash — Балқаш көлі экожүйелерін сақтауға бағытталған қамқорлық бастамасы. 2020 жылдан бері бұл бастама Балқаш көлі алабының экожүйелеріне бірлескен қамқорлық, өңірдің тарихын, мәдениетін және экологиясын зерттеу, сондай-ақ аймақтың тұрақты болашағына қажетті жергілікті білімдерді қалыптастыру үдерістеріне қауымдастықтар мен институтцияларды тартып келеді.

Мектеп Қазақстандағы Швейцария Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Серіктес: Aspan Gallery
Медиа серіктес: The Steppe

Мектеп туралы қосымша ақпарат алу үшін Антонина ван Лиерге мына электрондық пошта арқылы хабарласыңыз: artcom.platform@gmail.com
Көпшілікке арналған бағдарлама Art Collider x Water Futures
Көпшілікке арналған бағдарлама
Art Collider × Water Futures
Almaty Museum of Arts-пен бірлесіп

9 тамыз, жексенбі
15:00–20:00
әл-Фараби даңғылы, 28
15:00
Тәттігүл Қартаева: «Құдықтарды интерпретациялау: жерасты суларын дәстүрлі пайдаланудың этноархеологиялық зерттеуі»
Тәттігүл Қартаева - этнограф, этнолог, тарихи антрополог, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.
Дәріс Қазақстанның дала және шөлейт өңірлеріндегі жерасты суларын дәстүрлі игеру тәсілдеріне және құдықтарды экологиялық білім мен мәдени жадының тасымалдаушысы ретінде қарастыру жайын баян етеді.

Этнографиялық және археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, Тәттігүл Қартаева дәстүрлі құдықтардың алуан түрі, оларды салу технологиялары, суды пайдалану тәжірибесі, сондай-ақ ғасырлар бойы көшпелі және жартылай көшпелі қауымдардың шөлейт ландшафт жағдайында өмір сүріп, еркін қоныс аударуына мүмкіндік берген білім жүйесі туралы әңгімелейді.

Дәріс құдықтарға адам, су және дала арасындағы сан ғасырлық байланыстың ізін сақтап келе жатқан мәдени ландшафттың ажырамас бөлігі ретінде қарауды ұсынады.
16:30
«Қазақстандағы гидрокосмология: өнер, экология және қамқорлық инфрақұрылымы» атты пікірталас
Қатысушылар: Айгерім Қапар, Инга Лаце, Әсия Бағдәулет, Бриджит Пик
Кураторлық және көркем-зерттеу тәсілдерін тоғыстыратын бұл пікірталас Қазақстанның заманауи өнерінде судың қалай ұғым ретінде қалыптасып, қалай бейнеленіп және қалай қайта ой елегінен өткізілетінін зерделейді. Жергілікті экологиялық білімнен бастап экологиялық дағдарыс пен оның жады сынды дүниелерді қаузайтын бүгінгі көркем тәжірибелерге дейінгі судың көркемдік интерпретацияларын талдай отырып, қатысушылар суды мәдени білімнің тасымалдаушысы әрі суретшілер отарлық инфрақұрылымды, табиғи ресурстарды игеруді және экологиялық өзгерістерді пайымдайтын орта ретінде қарастырады.

Су айдындары мен су ландшафттарына назар аудара отырып, пікірталас олардың өзгерістері қауымдастықтар, экожүйелер және су арасындағы қарым-қатынастың қалай өзгеріп жатқанын, сондай-ақ микродеңгейдегі әлеуметтік үдерістерді қалай ашып көрсететінін талқылайды. Музей қорларына, қазақ киносына және заманауи көркем бастамаларға сүйене отырып, бұл пікірталас экология мәселесі әлі де маңызды мәселе күйінде қалып отырған кезеңде суды болмыс, қамқорлық, жауапкершілік және адамзаттың өзара тәуелділігі мәселелерін түсінудің маңызды өзегі ретінде ұсынады.
Айгерім Қапар (Artcom Platform)
Бұл баяндама Балқаш көлін Іле-Балқаш алабы аясында кеңестік отарлық индустрияландыру тарихы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасып келе жатқан табиғи ресурстарды игеру үдерістері және климаттың өзгеруінен туындаған қысым тоғысқан гидроәлеуметтік жүйе ретінде қарастырады. Көл инфрақұрылымдық өзгерістер, экологиялық үдерістер және күнделікті тәжірибелердің ықпалымен су, жад пен билік арасындағы байланыстар үздіксіз жаңаша қалыптасып отыратын орта ретінде зерделенеді. Баяндамада гидрокосмология ұғымы көшпелі дүниетанымға, дене арқылы қабылданатын бақылауға және дала мен көл кеңістігінде қалыптасқан ауызша дәстүрлерге сүйене отырып, суды мәдени білім мен тәжірибенің тасымалдаушысы ретінде алдыңғы қатарға шығару үшін ұсынылады. Care for Balkhash («Балқашқа қамқорлық») ұзақмерзімді бастамасына сүйене отырып, баяндама қамқорлықтың бытыраңқы гидроқауымдастықтар арасындағы байланысты қалпына келтіретін әрі жергілікті білім мен институционалдық басқару арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыратын инфрақұрылымдық тәжірибе ретінде қалай қызмет ететінін зерттейді.
Инга Лаце (Almaty Museum of Arts музейінің кураторы)
Бұл презентация табиғат көріністерінен бастап индустриялық композицияларға дейінгі кескіндеме туындылары арқылы Қазақстан өнерінде судың кеңес дәуірінен бүгінгі күнге дейін қалай бейнеленгенін баяндайды. Кеңестік кезең кескіндемесінде су өзендер, көлдер және даладағы жұтаң су көздері арқылы көрініс тапса, сондай-ақ өзендер мен көлдерді индустриялық игеруді дәріптейтін шығармаларда бейнеленеді. Ал заманауи өнерде суға деген көзқарас концептуалды әрі сыни сипатқа ие болады. Осы тарихи үдерістің барысында су тарихи және көркемдік контекстпен бірге өзгеріп отыратын әрі материал, әрі символ ретінде көрінеді. Презентация Almaty Museum of Arts коллекциясындағы туындыларды өңірлік көркемдік тәжірибелермен сабақтастырып, суды Қазақстандағы ландшафт, болмыс және тарихтың өзара байланысын тануға мүмкіндік беретін көркемдік оптика ретінде ұсынады.
Доктор Әсия Бағдәулет (кинотанушы)
Қазақ киносында су күрделі символдық әрі эстетикалық рөл атқарады. Ол бір мезетте материалдық болмыс ретінде де, режиссерлердің болмыс, жады және экологиялық өзгерістерді зерделейтін метафоралық құралы ретінде де көрініс табады. Бұл презентация кеңестік кезеңнің соңғы жылдарынан бастап бүгінгі қазақ киносына дейінгі маңызды фильмдерде судың қалай бейнеленетінін және осы бейнелердің Орталық Азия даласының мәдени әрі экологиялық кеңістігімен қалай астасатынын талдайды. Қазақ киносында су айдындары көбіне осы өңірде басым келетін дала ландшафтына қарама-қарсы қойылады. Өзендер, көлдер мен теңіздер жай ғана географиялық нысандар емес, ішкі рухани әлемнің беймәлім кеңістігі, жоғалтудың және өтпелі кезеңнің символы ретінде көрінеді. Сонымен қатар су ішкі толғаныс пен рухани рефлексияның ортасына айналады. Бірқатар фильмдерде су жағасындағы немесе су астындағы көріністер кейіпкердің жеке тұлғалық өзгерісі мен экзистенциялық кідірісін білдіріп, Орталық Азия өнеріндегі поэтикалық дәстүрмен үндеседі. Қазақ киносындағы су бейнесі экологиялық, тарихи және философиялық тақырыптар тоғысқан көпқабатты көркем тілдің қалыптасқанын көрсетеді.
Бриджит Пик
Бриджит Пик – Массачусетс технологиялық институтының (MIT) Ага Хан атындағы Ислам сәулеті бағдарламасының түлегі. Оның ғылыми қызығушылығы қазіргі заманғы өнердегі өндіруші индустриялардың мұрасын зерттеуге бағытталған. Соңғы зерттеулерінде ол поэтикалық мұназара дәстүрінен шабыт алып, бинаризмді зерттеу тәсілі ретінде қолданады. Осы арқылы ХХ ғасырдың басындағы тоғысу кезеңіне назар аудара отырып, «інжу дәуірі» мен «мұнай модерні» арасындағы қалыптасқан концептуалдық кереғар түсінікті қайта ой елегінен өткізеді. Ол Thresholds: Record (MIT Press, 2026) басылымының тең редакторы болған. Сондай-ақ өнер, сәулет және әдебиет тақырыптарында The Markaz Review, Asymptote Journal, AGSI және өзге де басылымдарға мақалалар жариялаған.
19:00
«Судың жаңғырығы» дыбыстық перформансы
Ануар Қалдехан – шығармашылығы күй философиясына негізделген қазақстандық тәуелсіз музыкант, композитор және саунд-әртіс. Гитара, дауыс, дәстүрлі аспаптар – домбыра, қобыз, сыбызғы, сондай-ақ электроника мен импровизацияны ұштастыра отырып, ол ата-баба жадын қазіргі заманғы көркем тілмен сабақтастырған өзіндік музыкалық мәнер қалыптастырды.
Су – жадының, қозғалыстың және тыңдаудың бастауы ретінде алынған импровизациялық дыбыстық перформанс. Дыбыстың, үнсіздіктің және резонанстың біртіндеп өзгеріп отыратын қабаттары арқылы бұл перформанс көрерменді суды жай ғана бейне ретінде емес, үздіксіз өзгерістегі тірі болмыс ретінде сезінуге шақырады.
© Balqashqa Qamqor 2023